Алматы әкімі көлеңкелі ойын бизнесімен дұрыс күреспей отырған құқық қорғау органдарының жүұмысын сынға алды

АЛМАТЫ. Қазанның 7-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматы әкімдігінде жемқорлықпен күрес мәселелері жөніндегі аймақтық комиссияның отырысы өтті,

Алматы әкімі көлеңкелі ойын бизнесімен дұрыс күреспей отырған  құқық қорғау органдарының жүұмысын сынға алды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Отырыс барысында жемқорлықпен қатар қаладағы көлеңкелі ойын бизнесі мәселесі де көтерілді. «ҚР Ойын бизнесі туралы» заңға сәйкес Алматыдағы ойын бизнесінің нысандары Қапшағайға көшірілуі тиіс болатын. Алайда Алматы қалалық салық департаментінің мәліметі бойынша Алматыда 164 ойын залы жұмыс істеп тұр. ҚР ІІМ-нің мәліметі бойынша Алматыдағы заңсыз ойын нысандарының айлық қаржы айналымы 10,5 миллиард немесе 70 миллион АҚШ долларын құрайды.

Бүгінгі отырыс барысында қала әкімі осы мәселемен дұрыс күреспей отырған құқық қорғау органдарының жұмысын сынға алды.

«Біз бұл қалада тұрған соң, не болып жатқанын білуіміз керек. Көлеңкелі бизнес, тауарды контрабандалық жолмен тасу, салықтан жалтару бұл біздің азаматтардың бюджетіне үлкен әсер етеді. Сондықтан тез арада қатаң бақылау орнатылсын» деді А.Есімов.

Отырысқа қатысқан қала прокуроры Әмірхан Естаевтың айтуынша, кәсіпкерлік нысандары ұтыссыз ойын автоматтарын пайдаланатындарын айтады. Ал бұл заң бұзушылыққа жатпайды. Алайда тексерулер көрсеткендей кейбір ойын нысандарында ақшалай ұтыс барлығы анықталған.

Соңғы 8 айда қаржы полициясы органдарының тексерістері нәтижесінде 94 заңсыз ойын нысаны анықталған. Оның 3-і бойынша іс қозғалған. Ішкі істер органдарымен 8 айда 51 іс қаралып, 44-і қаржы полициясының тексеруіне берілген. Бұнымен қатар прокуратура мен  тағы басқа құқық қорғау органдарының бірлескен тексеруі нәтижесінде 1 түнде 10 заң бұзушылық анықталған. 338 ойын автоматы тәркіленген. Бұлардың иелеріне 100-400 айлық көрсеткішке дейін айыппұл салынған.