Алматы әкімі құқық қорғау органдарын полицейлер мерт болған оқиғадан сабақ алуға шақырды

АЛМАТЫ. 1 тамыз. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Ахметжан Есімов Алматының құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен жедел жиын өткізді.
None
None

Жиынды ашқан қала басшысы ІІД-нің басшылығына 28 шілде күні қарулы қақтығыс барысында қаза тапқан екі полицейдің туыстарына қажетті материалдық көмек көрсетуді тапсырды, деп хабарлады Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, әкім өзінің орынбасары Виктор Долженковке атыс барысында зардап шекккен пәтер иелерінің пәтерлерін қысқа мерзімде жөндеп беруді міндеттеді.

«Қылмыскерлерді құрықтау жөніндегі операция кәсібилікпен жүргізілді, қылмыскерлердің көзі жойылды. Жедел шараға қатысушылар мен бейбіт тұрғындар арасында зардап шеккендер жоқ. Алайда, қалада 2 сағатқа созылған атыстың болуы - нонсенс. Бұл құқық қорғау органдарының қылмыстың алдын алу сияқты жұмысты жеткіліксіз жүргізетінін көрсетеді»,- деп атап өтті Ахметжан Есімов.

Естеріңізге сала кетейік, 2012 жылдың 28 шілдесінде Алматы қаласының Түрксіб ауданында өз қызметтерін атқарып жүрген полицейлерге шабуыл жасалған. Соның салдарынан, бір полицей сол жерде тіл тартпай қаза болған, ал екіншісі ауыр жараланған. Кейін ол ауруханада қайтыс болды. Арнайы бөлімше қыземткерлері «Ақкент» ықшам ауданында қылмыскерлерді анықтап, барлық алты қылмыскердің көзі жойылды. Олардың барлығы сырттан келген келімсектер, ШҚО-да бірге жазаларын өтеген. Олардың бірі қылмыс жасаған кезде шартты түрде түрмеден босаған, Алматыда заңсыз жүрген.

Алматы әкімі осы келеңсіз оқиғаларға қатысты құқық қорғау органдары Алматыға келетіндермен жұмысты күшейтуі қажеттігін атап өтті. Бұдан өзге, ІІД мен ПИК бірігіп пәтерді жалға берушілер жөніндегі ақпаратты бір жүйеге келтіруі, қылмыстың алдын алу шараларына көпшілікті кеңінен тарту тиіс деді.

Жиында сөз алған Алматы қаласы ІІД-нің бастығы Ерлан Тұрғұмбаев қылмыстың алдын алуда кемшіліктердің бар екендігін айтты. Қылмысты топтың көзі жойылғаннан кейін анықталғанындай, «Аккент» ықшам ауданында 30 пәтер жалға беріледі екен. Ал оларда тұрып жатқандар туралы полицияда мәлімет жоқ.

Ахметжан Есімов өткен жылы учаскелік полицияның штатын 123 адамға ұлғайту және 50 адамнан тұратын табиғатты қорғайтын полиция құру үшін қалалық бюджеттен 296 млн. теңге бөлінгендігін еске салып өтті. Алайда, ІІМ күні бүгінге дейін бұған бұйрық шығармай отыр.

Әкім Жол полициясы басқармасына Алматыға келген көліктерге бақылауды күшейтуді тапсырды. Статистика бойынша қалаға күн сайын 200 мыңға жуық көлік сырттан келеді екен, олардың басым көпшілігі Алматыда тіркелмеген.

Ахметжан Есімов құқық қорғау органдарына ықпал ететін қоғамдық кеңес құруды да тапсырды.

«Қазақстанның ең ірі және ең бай қаласы ретінде Алматы өзге өңірлердегі қылмыскерлерді өзіне тартатын болады. Бірақ, құқық қорғау органдары алматылықтардың қауіпсіздігі үшін өз жұмыстарын барынша жандандырулары тиіс. Өткен келеңсіз оқиғаларадан сабақ алыңыздар»,- деді әкім.

Соңғы жаңалықтар