Алматы әкімі Қысқы Азия ойындары өтетін нысандарды аралады

АЛМАТЫ. Шілденің 21-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматы  қаласының  әкімі Ахметжан Есімов Қысқы Азия ойындары өтетін 3 құрылыс нысанының жұмыс  барысымен  танысты,

Алматы әкімі Қысқы Азия ойындары өтетін нысандарды аралады

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала әкімі ең алдымен Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының құрылысын аралап көрді. Бұл нысан олимпиада кезінде шайбалы хоккей өткізуге пайдаланылады.Бүгінде күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан нысанда 580 адам еңбек етуде. Бұған мемлекет сараптама бойынша 22,5 миллиард теңге  бөлінуі қажет. Бүгінде оның 2,25 миллиарды игерілген. Ал Олимпиада кезінде  допты  хоккей өткізіледі деп жоспарланған  Медеу спорт кешенінің күрделі жөндеуіне  мемлекеттік сараптама бойынша 19,4 миллиард теңге қарастырылған. Бүгінде оның 1,95 миллиарды игерілген. Құрылыс алаңында 380 адамның қатысуымен жөндеу қарқынды жүруде. Ал халықаралық шаңғы трамплиніне мемлекеттік сараптама негізінде 38,2 миллиард теңге қарастырылған.Оның бүгінде 7,48 миллиарды игерілген.

Құрылыс нысандарын аралып көрген қала әкімі құрылыс қарқынының жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанына ризашылығын білдірді.

         «Қысқы Азия ойындарына әзірлік жақсы қарқынмен жүріп жатыр. Бүгін аралап  көрген нысандарда соның белгісі бар.  3 нысанда да құрылыс өз ретімен жүріп жатыр. Бұлардың ішінде қала әкімдігі қаржы бөліп отырған Медеу мен халықаралық шаңғы трамплинін қысқа дейін бітіреміз деген жоспар бар. Ал Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайына келсек, жұмыс ол нысанда да жоспарлы жүріп жатыр. Тек Шымбұлақта құрылысты жеке инвесторлар жүргізіп жатыр. оларда қаржының жетіспеушілігінен биылғы Елбасы сапарының қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ Даму банкі арқылы 100 миллион доллар бөлінді. Жұмыстар кешігуде, бірақ келесі қысқа дейін дайын болады деп ойлаймын» - деді қала әкімі.

Бұл құрылыс нысандарынан бөлек қаладағы Орталық стадион да күрделі жөндеуден өтпек. Ондағы алаңның жасыл жабындысы ауыстырылып, алаңды су, жылумен қамтамасыз ететін құрылғы өзгертілмек. Сондай-ақ жүгіру жолы синтетикалық жабындымен жарақтандырылады. Бұлардың алғашқысы - алаңның жасыл жабындысын өзгерту осы айда басталады.