Алматы әкімі мегаполистегі эпидемиологиялық жағдай туралы айтты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат– Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мегаполисте қалыптасып жатқан санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әкімі мегаполистегі эпидемиологиялық жағдай туралы айтты

Алматы әкімі келтірген мәліметке сәйкес, қалада коронавирус індетін жұқтырған 16 534 жағдай тіркелген (100 мың тұрғынға шаққанда 828,13), соның ішінде 10 004-і симптомды, ал 6530-ы симптомсыз. Алтыншы желтоқсан күні 67 КВИ жұқтырған. Соның ішінде 53 жағдай симптомды, 14 жағдай симптомсыз. Пневмониямен ауырған 6 жағдай тіркелді.

«Алматы қаласы 2 желтоқсаннан бастап «жасыл» аймаққа енді. Жағдай қараша айында коронавирус инфекциясының таралуына ықпал ететін факторларды бейтараптандыру, қолданыстағы карантин шараларын сақтау және оны бақылауды күшейту арқылы тұрақтандырдық», - деп атап өтті Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Алматы қаласында КВИ ауруының өсуі қазан айында басталды. Егер қыркүйек айында жұқтырушы саны 165 жағдайды көрсетсе, қазан айында қауіпті індетке шалдыққандар саны 366-ға жетті. Қарашада 1 399 жағдай тіркелді, қазан айымен салыстырғанда ауру жұқтыру 3,8 есеге өскен.

Тәуліктегі өсім — 0,4%, репродуктивті саны — 0,98.

Халықтың КВИ-ге неғұрлым бейім контингенті — 20-дан 60 жасқа дейінгі азаматтар, олар қараша айында науқастардың 60%-ын құрады:

- 14 жасқа дейін — 9% (126 жағдай);

- 15–19 жас — 4% (54);

- 20–39 жас — 32% (451);

- 40–59 жас — 29% (408);

- 60 жастан жоғары — 26% (360).

КВИ жұқтырудың негізгі ортасы: – ауру жұқтырушының отбасы мүшелерімен байланысы – 35% (491 жағдай);

– науқаспен жұмыс немесе оқу орны бойынша байланыс – 3% (37 жағдай);

– шет елдерден және ҚР өңірлерінен әкелу –6% (78 жағдай).

Инфекцияны жұқтырудың ықтимал орындары:

– дүкен, дәріхана, СОО-ға, қоғамдық тамақтану орындарына бару –22% (306 жағдай);– базарға бару – 12% (167 жағдай);

– медициналық ұйымдарға бару – 6% (80 жағдай);

– қоғамдық көлікті пайдалану – 16% (228 жағдай);

– отбасылық іс-шараларға қатысу 1% (12 жағдай).