Алматы әкімі Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барады

АЛМАТЫ. 11 наурыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов 12 наурыз күні Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барады.

Алматы әкімі Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барады

Сапардың мақсаты - негізгі азық-түлік тағамдарына бағаны тұрақтандыру үшін Алматы қаласына жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізу жөніндегі меморандумға қол қою.

Кеше Алматыда өткен жетінші шақырылымдағы қалалық мәслихаттың XXXVIII сессиясында 2011-2013 жылдарға арналған қала бюджетін бекіту туралы мәселе қаралған болатын. Онда Алматы қаласы мәслихатының депутаттары жеміс-көкөніс өнімдеріне бағаны тұрақтандыру үшін «Алматы» ӘКК АҚ-ға 1 325 000 мың теңге бөлу туралы шешімді бекітті.

«Алматы» ӘКК өз жұмысын үш бағытта жүргізбек. Яғни, көкөніс өсірумен айналысатын бірлескен кәсіпорындар пайда болады, фьючерлік келісім жасалады, өнім бірден егіс даласынан сатып алынады. Осы шаралар жүзеге асса, Алматыда өнім бағасы тұрақталмақ.

Бұл үшін «Алматы» ӘКК қазірдің өзінде көкөніс өткізетін 7 автомашинаны шығарды. Сонымен қатар, таяу арада Алматыда 30 әлеуметтік павильондар корпорациясы жұмыс істейтін болады. Бұлардағы өнім бағасы қаладағы бағадан 20-30 пайызға төмен болмақ. Енді көтерме саудамен айналысатындардың жұмысын «Алматы» ӘКК атқаратын болады.