Алматы әкімі Орталық стадионға жақын орналасқан аймақты дереу ретке келтіруді тапсырды
АЛМТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен Бостандық ауданын аралады.
Шаһар басшысы Орталық стадионға жақын орналасқан аймақтың абаттандырылуына көңілі толмайтындығын жеткізді.
Инженерлік желілерді сапасыз жүргізу салдарынан Орталық стадион алдындағы асфальт жарыла бастаған. Өз ісіне жауапсыз қараған мердігерлік ұйым енді екі-үш күн ішінде олқылықтардың орнын толтыруы тиіс.
Жаяу жүргіншілердің стадион аймағына өтуі ыңғайлы болу үшін ұсқынсыз қоршаулар мен жөнсіз қойылған автокөліктер алынып тасталады, олардың орнына гүлзар, жасыл желек отырғызылып, қоқыс жәшіктері қойылады.
Алматы әкімі Орталық стадион айналасындағы күтімсіз қалған жерлердің қалай берілгендігін заң жүзінде тексеруді тапсырды.
Орталық стадионның апатты жағдайдағы манежі мен запастағы алаңына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.


