Алматы әкімі: Отан қорғаушы күні - біздің ұлттық мерекелеріміздің бірі
АЛМАТЫ. Мамырдың 7-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Отан қорғаушы күні - біздің ұлттық мерекелеріміздің бірі. Алматы әкімі Ахметжан Есімов бүгін қаладағы Тәуелсіздік монументіне гүл шоғын қою рәсімінде осылай айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«17 жыл бұрын Елбасының Жарлығымен Қарулы күштер министрлігі құрылған болатын. Осы ведомствоның жұмысын қалыптастыруға қосқан Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағанбетовтың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. 17 жылдың ішінде көп жұмыс тындырылып, қазіргі заман талабына сай Қарулы күштер құрылды. Оның даңқын асыру үшін ардагерлер де көп еңбек сіңірді», - деді Ахметжан Есімов. Қала әкімінің айтуынша, Отан қорғаушы күні - ұлттық мереке ретінде толық мәртебесіне ие болуы үшін бізде атқарылатын жұмыс әлі көп. Бұл бағытта ардагерлер мен жастар ұйымдары да өзара күш біріктіріп, оны БАҚ өкілдері кеңінен насихаттауы керек. Сонда ғана Отан қорғаушы күнінің қоғамдағы мәні мен маңызы арта түсетін болады.