Алматы әкімі президенттің «Мүлік иелері бірлестігі туралы реформамыз қате болды» деген сөзін түсіндірді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Ерболат Досаев Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесуінде президенттің «Мүлік иелерінің бірлестігі — қателік» деген сөзін түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бостандық ауданы тұрғындарының бірі Ерболат Досаевтан «Кеше «Мемлекет басшысы айтқан Мүлік иелері бірлестігі туралы реформамыз — қателік» дегені МИБ немесе ҚС құру тоқтатылады дегенді білдіре ме?» деп сұрады.
Ерболат Досаевтың сөзінше, президент Қазақстандағы тұрғын үйді басқару реформасының қателігі туралы айтқанда Мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) немесе Қарапайым серіктестік (ҚС) құруды тоқтатуды меңзеген жоқ.
«Қателік жібердік» - біз бәрінің жақсы болғанын қалаймыз деген көзқарас тұрғысынан айтылды. МИБ пен ҚС құруға қатысты олқылықтар бар. Қала әкімі ретінде мен де Мемлекет басшысына ойымды айттым. Негізі, біз бұл кезеңнен өттік. Алматыдағы үйлердің 90%-дан астамы тұрғын үйді басқарудың жаңа нысандарын құрды. Мәселе, бүгінгі күні заңда басшылық ететіндердің жауапкершілігі белгіленбеген», - деді Ерболат Досаев.Ол жаңа Мүлік иелері бірлестігі мен Қарапайым серіктестік институтының жұмыс істеуі үшін қажетті заңнамалық өзгерістер 1 шілдеге дейін бекітілетініне сенім білдірді.
Еске салайық, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Мүлік иелері бірлестігі реформасында қатты қателікке ұрынған сияқтымыз деген еді.