Алматы әкімі үлескерлерге жаңа тұрғын үйдің пәтер кілтін табыс етті

АЛМАТЫ. Наурыздың 4-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Бүгін «Алматықалақұрылыс» ААҚ тұрғызған «Алтын Орда» жаңа тұрғын үй кешенінің бірінші кезеңі пайдалануға берілді,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Тұрғын үй кешенінің ашылу салтанатына Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов арнайы қатысып, жаңа үйдің иелеріне пәтер кілтін табыс етті. «Қазіргі қиын-қыстау кезде мұндай ауқымды құрылысты аяқтау оңай емес. Осыған орай Елбасының тапсырмасымен үлескерлік құрылыс мәселелерін шешу үшін тиісті қаражат бөлінді. Былтырғы жылы 3 мыңнан астам отбасы пәтер алса, биыл да осы шамада тұрғындар баспаналы болады деп күтілуде. Үкімет пен әкімдіктер үлескерлердің мәселелерін шешу және құрылыс компанияларына қолдау көрсету жолында нақты іс-шаралар атқаруда», - деді А. Есімов. 126 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын аяқтауға Үкіметтің тапсырмасымен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорынан 1 млрд. 552 млн. теңге көлемінде қаржы бөлінген болатын. «Алтын Орда» тұрғын үй кешені Алатау бөктеріне жақын орналасқан. Ондағы ғимараттар шығыс ою-өрнектерімен безендірілген. Кешеннің құрылысы үш кезең бойынша жүргізілуде. Енді екінші кезеңді 2009 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Соңғы жаңалықтар