Алматы әкімі жаңа мектептің құрылысына жер телімін іздестіруді тапсырды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін «Нұр Отан» партиясында Алматы әкімі Бауыржан Байбек азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Қала әкімінің тұрғындармен кездесуінде қоғамдық көлікті жаңғырту, жаңа мектептер мен жолдар салу, қала базарларын қайта жөндеу мәселелері қаралды.

Мысалы, үш баланың анасы Әлия Жалғасбаева қала басшысына «Дархан» ықшам ауданында мектеп салу өтінішін білдірді. Қазіргі кезде Алатау ауданында оқушы орнының жетіспеушілігі айқын байқалады. Өйткені, тек соңғы үш жыл ішінде мұнда оқушы саны мыңнан асып кеткен. Бұл мәселені шешу үшін Бауыржан Байбек мың орынды мектеп салуға қатысты жер телімін іздестіруді және қажетті жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді тапсырды.

«Қазіргі кезде салынып жатқан тұрғын үйлердің 70% жаңа қосылған аудандарға тиесілі. Қажетті инфрақұрылым жасалуда, Индустриалды аймақ дамып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Келер жылы жол жөндеуге қаржы бөлінеді, жарық көздері орнатылады. «Дархан» ықшам ауданы туралы айтар болсақ, мен бұл проблеманы білемін. Қалада бос жатқан жер телімдері жоқтың қасы, соның салдарынан жаңа әлеуметтік құрылыс салу қиындауда. Мен мектеп салатын жер учаскесін іздестіруді, соған қатысты ЖСҚ дайындауды тапсырдым. Жалпы, келер жылы біз 8 жаңа мектеп салатын боламыз», - деді қала басшысы.null 

Ал зағиптардың «Көмектес» қоғамдық қорының басшысы Александр Сапелкин автобустар бағытының нөмірін және аялдамаларын дауыстап хабарлайтын қондырғылар орнату туралы ұсынысын жеткізді. Ол сонымен қатар Бостандық ауданының «Алатау» елдімекеніне жаңа автобус бағытын ашуды сұрады.

«Автобустардың 100% дауыстап хабарлау қондырғылары орнатылады. Сондай-ақ жақын арада «Алатау» ықшам ауданына қатынайтын жаңа бағыт ашылатын болады. Жалпы, қоғамдық көлік саласында проблемалар өте көп. Сондықтан біз үлкен көлік реформасын жүргізіп отырмыз. Мен өзім Гагарин-Өтепов көшелерінің бойында тұрдым. Күнде таңертеңгісін оқуға, одан соң жаттығуға баратынмын, үйге жиі кеш оралатынмын. Кейде жаяу жүретінмін, өйткені, кешке қарай автобустар жүрмейтін. Абылай ханның, одан соң Абайдың, Желтоқсан мен Тимирязевтың бойымен Өтепов көшесіне дейін жаяу жүретін едім. Мен ескі автобустарды жақсы білемін, іші лық толы болатын, бекеттерге тоқтамайды, дауыстап хабарлау деген түске енетін. Екі жыл ішінде біз тасымалдаушылардың барлық көлеңкелі экономикасын сыртқа шығардық, тиісті инфрақұрылымды жасадық. 600-ден астам жаңа автобус алдық. Мамырға дейін тағы 716 жаңа автобус сатып алу жоспарланған. Біз қазір адамдардың автобус бекеттерінде ұзақ тұрып қалмаулары, қоғамдық көліктің дер кезінде келуі әрі түнге дейін жүруі, жүргізушілердің байсалды болуы үшін нақтылы жұмыстарды атқарудамыз. Бүгінгі күні жаяу жүргіншілерге де жайлы жағдайлар жасалуда, бала арбасын жетектеген аналар, ата-аналар, мүгедектер мен велосипедшілер еш кедергісіз жүруде», - деді ол.

Қала тұрғындарымен кездесу кезінде Бауыржан Байбек «Арыстан» базарын жаңғыртуға және «Көк қайнар» ықшам ауданында жаңа жол салуға уәде етті.

Бұдан өзге, партияның қоғамдық қабылдауына «Skybar» түнгі клубының қоғамдық тәртіпті жиі бұзатындығы туралы көптеген шағым түсуі салдарынан аталған түнгі клубқа кешенді тексеру жүргізілетін болады.

 

Соңғы жаңалықтар