Алматы: Алатау ауданына 6 жыл
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Алатау ауданының құрылғанына 6 жыл толуына байланысты мерекелік шара өтті. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Қала басшысы аудан халқын атаулы мейраммен құттықтап, ең жас ауданның серпінді даму көрсеткіштерін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іргесі қаланған жас ауданның бүгінгі даму көрсеткіштері көз қуантарлық. Аз уақыт аралығында Алатау ауданы толығымен жұмыс істеп тұрған әкімшілік-аймақтық бірлікке айналды. Бүгінде ол қарқынды дамып келе жатқан инфрақұрылымы бар аймақ болып отыр», - деді қала басшысы А.Есімов.
Мерекелік шара аясында концерттік бағдарлама, спорттық ойындардан сайыс, ат жарысы өткізілді. Оған еліміздің әр аймағынан келген шабандоздар қатысты. Жеңіс тұғырынан көрінгендерге естелік сыйлықтар табыс етілді.