Алматы Арбатында екі апта ішінде 98 мопед жүргізуші тәртіп бұзды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда Арбат маңында жиналып, тұрғындардың тыныштығын бұзған мопед жүргізушілерімен күрес жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Арбатқа іргелес үйлердің тұрғындарынан арыз көптеп түсе бастаған. Себебі жаяу жүргіншілер аймағы азаматтардың сүйікті демалыс орны ғана емес, мопед жүргізушілерінің де бас қосатын орнына айналған.
«Аталған аумақта жаяу патруль, ал іргелес аумақта көлік патрульдері күшейтілді. Мақсатты іс-шара жұмыстары басталғалы полицияға шара қолдану үшін 39 мопед жүргізуші жеткізілді. Олар ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабы (Тыныштықты бұзу) және ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабы (Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы) бойынша жауапқа тартылды. Екі апта ішінде Арбаттан біздің бөлімшеге тәртіп бұзған барлығы 98 мопед жүргізуші жеткізілді», – деді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.
Мәлім болғандай, жыл басынан бері ҚР-ның жол ережесін бұзғаны үшін 4 мың 911 мопед жүргізушісі әкімшілік жауапқа тартылған. Еске салсақ, Арбатта бір түнде тыныштық бұзған 18 мопед жүргізушісі әкімшілік жауапқа тартылған еді.