«Almaty Arena Cup» хоккей турнирінде астаналықтар топ жарды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Almaty Arena Cup» хоккей турнирінің жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Байрақты бәсекеге Астанадан, Алматыдан, Өскеменнен, Шымкенттен, Бішкектен келген командалар қатысты.
Бірнеше күнге созылған жарыста Астанадан келген команда жеңімпаз атанды. Екінші орын Өскеменнің «Торпедо» командасына бұйырды. Үшінші орынға алматылықтар табан тіреді.
Қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы орынбасары Рүстем Байсеитовтың айтуынша, қазіргі кезде қалада шайбалы хоккейден бірнеше балалар мен жасөспірімдер клубтары ойнап жүр.
«Универсиаданың арқасында бізде «Almaty Arena» және «Halyk Arena» сынды тамаша спорт кешендері пайда болды. Мұнда қазір 10 хоккей клубы жаттығуда. Біз алматылық балаларды өзімізге шақырамыз. Триатлон, мәнерлеп сырғанау, керлинг, шорт-трек, шахмат, карате, қазақ күресі, жүзу секциялары ашылды. Бұлардан өзге, ағылшын тілі клубы, домбыра, классикалық бокс, би, көркем гимнастика және басқа үйірмелер жұмыс істейді. Оқушылар мен студенттер үшін 50%-дық жеңілдік бар», - деді Рүстем Байсеитов.
Бүгінде Алматыда «Спорттық Алматы» және «Спорт менің ауламда» бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. 500-ден астам спорт алаңдары абаттандырылды. Қалада «Туған жер» бағдарламасы аясында Алатау ауданында жеңіл атлетикалық стадион іске қосылып, жеңіл атлетикалық манеж салынып жатыр.