«Алматы-Астана» автожолының су шайып кеткен бөлігінде қалып қойған адамдар мен автокөліктер құтқарылуда
АСТАНА. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат - Төтенше жағдайлар министрлігінің таратқан ақпаратына сәйкес республикалық маңыздағы «Алматы-Астана» автожолының Алматы облысы Жамбыл ауданын басып өтетін бөлігін су шайып кетті.
Төтенше оқиға орнынан бір жүк көлігі мен 1 адам құтқарылды, тағы үш көлік көмек күтуде.
Ведомстводан хабардар еткендей, алынған ақпаратқа байланысты оқиға орнына жеткен құтқарушылар күре жолдың 194 және197-ші шақырымдар аралығындағы 30 метр жер нөсер салдарынан шайылып кеткенін анықтаған. 194 пен195-ші шақырым аралығында 7 адам, 3 жеңіл және 1 «КамАЗ» автокөліктері қалған.
Құтқарушылар «КамАЗ» автокөлігімен бір адамды құтқарды, бір жеңіл көлік өз бетімен шықты. Екі жеңіл көлік пен тағы бір жүк машинасы көмек күтуде.
Елді-мекендерді су басу қаупі жоқ.