Алматы-Астана пойызында тәртіп бұзған жолаушылар футболшы емес - ҚФФ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның футбол федерациясы Алматы-Астана пойызында болған оқиғаға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізде болса, 4 қазан күні әлеуметітк желіде және бұқаралық ақпарат құралдарында Алматы-Астана пойызында қоғамдық тәртіпті бұзған жас жігіттердің видеосы тарап кеткен болатын. Жастар купедегі құрал-саймандар мен ішкі жабдықтарды зақымдаған. Жолда спирттік ішімдік ішіп, жолсеріктің ескертуіне құлақ аспаған. Ел арасында «бұлар футболшылар» деген де пікір тараған болатын. Осыған қатысты Қазақстан футбол федерациясы мәлімдеме жасады.
«Қазақстан футбол федерациясы ресми түрде хабарлайды - бұл азаматтар белгілі бір футбол клубының жанкүйерлері. Олар жеке шаруаларымен Қарағанды қаласына бара жатқан. Олар кәсіби футболшы емес», - делінген федерацияның ресми сайтында.
Айта кетейік, аталған азаматтардың біреуіне қатысты әкімшілік іс қозғалып, оған 5 АЕК, яғни 12 025 теңге көлемінде айыппұл салынған.