«Алматы-Астана» трассасының тасқын судан зардап шеккен учаскесі қалпына келтірілді - ТЖМ
АСТАНА. Наурыздың 15-і. ҚазАқпарат - «Алматы-Астана» республикалық трассасының тасқын судан зардап шеккен учаскесі қалпына келтірілді.
Ал Алматы облысының Көксу ауданындағы теміржол учаскесін қалпына келтіру жұмыстарын дүйсенбі күні бастау жоспарлануда, деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен.
Наурыздың 9-ы күні «Алматы-Астана» жолының учаскелерін су шайып кетіп, ол учаскелердегі қозғалыс тоқтатылған болатын. Наурыздың 14-і күнгі сағат 14.00-дегі жағдай бойынша апаттың салдарын жою жұмыстары толық аяқталып, көлік қозғалысы қайта жанданды, делінген министрліктің ресми хабарламасында.
Сондай-ақ «Сарыөзек-Көктал» тас жолындағы жұма күні тасқын су шайып кеткен көпірді қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Жексенбі күнгі сағат 22.00-дегі жағдай бойынша, жолдың бір жақ бөлігіндегі қозғалыс жанданды, қазір онда автокөліктердің өткізу режімін үйлестіру жұмысы ұйымдастырылып отыр.