Алматы атақты композитор Еркеғали Рахмадиевті ақтық сапарға шығарып салды
АЛМАТЫ. 11 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы атақты композитор, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Еркеғали Рахмадиевті ақтық сапарға шығарып салды. Марқұммен қоштасу көптеген жылдар бойы сахнасында оның шығармалары шырқалған Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өтті.
Қазақстандық өнердің мэтрімен қоштасуға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Алматы әкімі Ахметжан Есімов, ҚР Парламентінің депутаттары, елдің шығармашылық одақтары мен мекемелерінің басшылары, композиторың әріптестері және шәкірттері, мыңдаған алматылықтар келді.
Министр Еркеғали Рахмадиевтің жарқын өмір жолы мен шығармашылығы туралы әңгімелеп, ел Президенті Н.Назарбаевтың көңіл айту жеделхатын оқып берді. Мемлекет басшысы композитордың ұлттық музыка өнері мен мәдениетіне қосқан зор үлесін, оның ұйымдастырушылық және басшылық талантын атап өтті.
А.Есімов Еркелғали Рахмадиевтің бүкіл шығармашылық тағдыры Алматымен байланысты болғанын атап көрсетті: осында оның қалыптасу жолы өтті, мұнда ол ірі мәдениет мекемелерін басқарды, өзінің шығармаларын жазды. Ол өмірден қарапайым мәдениет қайраткері ғана емес, өз елінің нағыз азаматы ретінде өтті, деп атап өтті әкім.
«Біздің ұлттық мәдениетіміз шын мәнінде үлкен қайғыға душар болды. Ол опералық театрға арнап шығармалар жазған бірден-бір композитор еді. Менің бүкіл өмірім оның өнерімен байланысты болды», - деді КСРО халық әртісі, атақты опера әншісі Роза Жаманова.
Е. Рахмадиев 1932 жылы 1 тамызда Семей облысының (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы) Шұбартау ауданындағы Мәдениет ауылында дүниеге келген. 1957 жылы Алматы консерваториясын бітірді.
Қазақ КСР өнеріне еңбек сіңірген қайраткер (1967). Қазақ КСР халық әртісі (1976). КСРО халық әртісі (1981). 2010 жылы оған «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. 27 жыл бойы Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы, КСРО Композиторлар одағының хатшысы болды.
Оның шығармаларында қаһармандық-патриоттық тақырып негізгі орын алады, онда қазақ халық музыкасының бай мұрасы мен классикалық музыка өнері шебер пайдаланылған. Рахмадиевтің симфониялық, опералық, вокалды-аспаптық, камералық шығармалары кәсіби ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, жанрлық салаларын байытты. Композитордың «Қамар сұлу», «Алпамыс», «Тың тынысы» операларының, «Амангелді», «Толғау», «Дайрабайдың күйі», «Мейрам күні», «Құдаша-думан», «Ортпа» симфониялық поэмалары, «Сәлем саған Аястан», «Мерекелік кантата», «Конституция туралы поэма» кантаталары, хорға арналған вокалдық шығармалары, көптеген ән-романстары Қазақстанда және шетелдерде жоғары бағасын алды.
Е.Рахмадиев «Кеңсай» бейітіне жерленді.