«Алматы-Атырау» бағытындағы жолаушылар пойызында уланған балалар түгел сауықты, алайда олар әлі де дәрігерлердің жіті қадағалауында - Н. Сәдуақасов
АСТАНА. 5 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -«Алматы-Атырау» бағытындағы жолаушылар пойызында уланған балалар түгел сауықты.
Дегенмен, олар әлі де дәрігерлердің жіті қадағалауында. Бұл туралы бүгін еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға қатысты Денсаулық сақтау министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер міндетін атқарушы Нұрлан Сәдуақасов мәлім етті.
«Жақында «Алматы-Атырау» бағытындағы 39-шы жолаушылар пойызында өткір ішек инфекциясымен 38 бала ауруханаға жатқызылған болатын. Бұнда негізгі себеп вагон-ресторанда қызмет көрсететін жеке кәсіпкердің тамақ даярлау барысындағы санитарлық талаптарды сақталмауынан болып отыр. Бүгінгі күні балалар толық сауықты, оларға кешенді медициналық көмектер көрсетілді. Дегенмен де, дәрігердің жіті қадағалауында», - деді Н. Сәдуақасов.
Оның айтуынша, Алматы облысы Талғар ауданының Бесқайнар ауылында 28 шілде 1 тамыз аралығында 19 адамның «А» гепатитіне шалдығу жағдайы тіркелген. «Бұл оқиғаға қатысты негізгі ауру таралған көз су қоймасының жоғары тұсынан ластануында болып отыр. Бүгінгі күні аталған іспен прокуратура органдары айналысуда. Біздің мамандар аурудың таралмауына қатысты барлық шараларды жүзеге асырып жатыр. Бүгінгі күні ол аймақ бақылауға алынды, жұртшылыққа, оның ішінде жас балаларға профилактикалық егу жұмыстары жүргізілуде», - дейді Н. Сәдуақасов.