«Алматы-Атырау» пойызында 39 баланың улануына орай жүргізілген тексерісте вагон-мейрамханадан «Е.Coli» ішек таяқшасы табылды

АСТАНА. 12 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Көлік прокуратурасы органдары 2001 жылғы 28 шілдеде «Алматы-Атырау» бағыты бойынша жүретін № 41 жолаушылар пойызының вагон-мейрамханасында 39 баланың улануы фактісі бойынша тексеруді аяқтады.

«Алматы-Атырау» пойызында 39 баланың улануына орай жүргізілген тексерісте вагон-мейрамханадан «Е.Coli» ішек таяқшасы табылды

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарланды.

«Сағынаев» жеке кәсіпкерлігі жалға алған вагон-мейрамханасын тексеру барысында санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың бұзылғаны анықталды. Бұл ретте вагонда ыстық ағынды су болмаған, ет өнімдеріне арналған сертификат жоқ, тамақ өнімдерін сақтауға арналған тоңазытқыш жабдықтары жарамсыз күйде болғаны анықталды. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және балалардан алынған ағынды су қалдықтарын микробиологиялық зерттеу нәтижелері бойынша ішек ауруына әкеп соғудың негізгі себебі болып табылатын «Е.Coli» ішек таяқшасы табылды. Шикілей тартылған еттерден және вагон-мейрамханасы аспазының қолынан алынған жұғындылардан да ішек таяқшасы табылды», - делінген баспасөз баянында. Ал санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мамандарының қортындылары бойынша балалардың ішек ауруына ұшырауы жолаушылар пойызының вагон-мейрамханасынан тамақтану салдарынан болған. Осыған орай, Қызылорда көлік прокуратурасы ҚР Қылмыстық кодексі 267-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыс белгілері бойынша қылмыстық іс қозғады.

Естеріңізге сала кетейік, 28 шілде күні Қызылорда облысы Белкөл стансасында тағамнан улану белгілерімен оқыс сырқаттануына байланысты 39 бала «Алматы-Атырау» жолаушылар пойызынан түсірілген болатын. Уланғандардың 27 шілде күні жолаушылар пойызының вагон-мейрамханасындағы ас мәзірінен тамақтанғаны белгілі болды.