«Алматы-Атырау» пойызының апатқа ұшырауына айыптыларға жаза кесілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сот үкімімен ірілендірілген Атырау жол аралығы учаскесінің бастығы мен оның орынбасары «Алматы-Атырау» пойызының апатқа ұшырауына байланысты 2 жылға бас бостандықтарынан айырылды.

«Алматы-Атырау» пойызының апатқа ұшырауына айыптыларға жаза кесілді

Еске сала кетейік, 19 сәуірде Атырау облысының Қызылқоға ауданында «Алматы-Атырау» бағытындағы жолаушылар пойызы жолдан шығып кетіп, салдарынан жолаушылардың денсаулықтарына орташа және жеңіл дәрежедегі зиян келген. «Тергеу барысында вагондардың жарамды техникалық жағдайда болғандығы анықталды, олар 2013 жылы жоспарлы жөндеуден өткен. Ал 2014 жылы арнайы кәсіпорындарда техникалық тексеруден өткізілген. Жолаушылар пойызының апатқа ұшырауына теміржолдың күрт қисайып кетуі себеп болған. Ол осының алдында аталмыш учаскеде жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасыз, нұсқаулықтар мен регламенттердің бұзылуымен жүргізілгендігімен түсіндірілді», - деп хабарлады Қазақстан Республикасының Бас көлік прокуратурасынан. «ҚТЖ» ҰК» АҚ комиссиясы, сонымен қатар Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитетінің мамандары да осындай шешімге келді. Аталмыш іс бойынша айыпталушылар ретінде ірілендірілген Атырау жол аралығы учаскесінің бастығы Ж. (жүргізілген жөндеу жұмыстарына тікелей басшылық етуші) мен оның орынбасары Н. (ағымдағы жөндеу жұмыстарының жай-күйі мен жүргізілуіне жауапты) жауапқа тартылды. Атырау облысы Қызылқоға аудандық сотының 26 қыркүйектегі үкімімен аталған тұлғаларға ҚР ҚК 295-бабының 1-тармағы бойынша ҚР ҚК 63-бабын қолдана отырып, бір жылға дейін сынақ мерзімімен екі жылға бас бостандықтарынан айыру түрінде шартты жаза кесілді.