Алматы ауданының №1 ХҚО-да сыбайлас жемқорлықпен күрес жөнінде тоқсан сайын семинар-кеңестер өткізіледі - Б. Тұрғынов
Бұл орайда Астана қаласы Алматы ауданының №1 Халыққа қызмет көрсету орталығында аталмыш індетпен күрес жүргізуде кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аталмыш орталық директорының орынбасары Бауыржан Тұрғыновтың пікірінше, сыбайлас жемқорлық әлеуметтік - экономикалық даму, нарықтық экономиканы құруда инвестицияларды тарту үдерісін баяулататын, демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс. «Елбасы мемлекеттік құрылымдардың алдына сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресу жөнінде міндет қойып отыр. 2005 жылы қабылданған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама сыбайлас жемқорлық көрінісіне қарсы күрестің негізі болып табылады. Оның жүзеге асырылуы мемлекеттік органдардың және азаматтық қоғам институттарының өзекті мәселесі. Бұл бағдарламаның басты мақсаты - мемлекеттік органдардың және азаматтық қоғам институттарының қызметін үйлестірудің тиімділігін арттыру арқылы қоғам өмірінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету болып табылады. Сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылық әр түрлі сипатта болады. Соның ішіндегі ең қауіптісі - парақорлық. Әрине сыбайлас жемқорлық барлық мемлекеттерде тамырын тереңге жіберген. Сондықтан онымен күресу тоқтаусыз және барынша қатал түрде жүргізілуі тиіс», дейді Б. Тұрғынов.
Б. Тұрғыновтың айтуынша, осыған байланысты Астана қаласы Алматы ауданының №1 Халыққа қызмет көрсету орталығында да тоқсан сайын бекітілетін жоспарларға сәйкес ұдайы семинар-кеңестер өткізіліп келеді. Атап айтқанда, орталықта ҚР Президентінің 2009 жылғы сәуірдің 22-де қабылдаған «Қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту және Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметін жетілдіру бойынша қосымша шаралар туралы» Жарғысын түсіндіру дәрісі өткізілген. Осы Жарғы мемлекеттік органдардың, мемлекеттік ұйымдардың басшыларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет бойынша шаралар қабылдау міндетін жүктейді және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру жағдайларын жасауға бағытталған шараларды белгілейді, оларды орындамау заңда қарастырылған жауапкершілікке әкеледі. «Сол сияқты орталықтың қызметкерлеріне басқа да нормативтік құқықтық актілерді түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырады. Оған қоса орталықта Астана қаласы «Нұр Отан» партиясы орнатқан пікірлер жәшігі және Астана қаласы бойынша Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысына қарсы күрес департаментінің (қаржы полициясы) үнпарақтары ілінген. Ол азаматтардың құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатындағы шара болып табылады», дейді Б. Тұрғынов.