Алматы әуежайы мен вокзал кешендерінде профилактикалық шаралар күшейтілді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда әуежай мен вокзал кешендерінде коронавирус жұқпасының алдын алу бойынша профилактикалық шаралар күшейтіле түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР ДСМ жергілікті органдармен біріге отырып сақтық шараларын күшейтті.
«Ең алдымен сырттан келген жолаушылар легі әсіресе ҚХР, Ресей және басқа жақтан келген жолаушылар үшін коронавирустың алдын алуға қатысты мағлұмат беретін бейнероликтерді көрсетіп жатырмыз. LED экрандар орналасқан вокзал және әуежайларда бейнеролик белгілі бір уақыт сайын қайталанып тұрады. Сондай-ақ, жолаушыларға ескерту парақшасы таратылып жатыр. Бұл жаднамаларда жұқпаның симптомдары жазылған. Дене қызуы көтерілген жағдайда қайда хабарласу керек, не істеу керектігі түгел көрсетілген. Әр вокзал, әуежайда ҚР ДСМ өкілдері жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, бұл нысандарда дыбыстық хабарлама 4 тілде: қазақ, орыс, қытай, ағылшын тілінде таратылып жатыр. Әр нысандарда тепловизорлар орналасқан. Бұл арқылы жолаушылардың дене қызуын бақылауға болады», - деді ҚР ДСМ баспасөз қызметінен.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, күн сайын әр әуежай, вокзал кешендерінде оқу-жаттығу шаралары өткізіліп тұрады.
«Қаладағы әуежай, вокзал кешендері қауіпті індеттің алдын алуға әзір. Сырттан келген жолаушылар тексеріледі. Дене қызуы байқалған жолаушыларда қауіп жоқ болса, тіркелген мекенжайы бойынша дәрігерлер барып бақылап тұрады. Қазіргі таңда жолаушылар арасында да, экипаж, жүргізушілер арасында да күдік туғызған адам жоқ», - деді ҚР ДСМ баспасөз қызметінен.