Алматы әуежайына жарылғыш және есірткі заттарды анықтауға арналған жаңа заманауи құрылғы қойылды
АЛМАТЫ. 25 наурыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматы халықаралық әуежайында, Алматы қаласы бойынша Кедендік бақылау департаментінің «Жетісу» кеден бекетінің қызмет ету аймағында
жаңа құрылғы - жарылғыш және есірткі заттарды анықтауға арналған «Ionscan sentinell II» түйіспейтін өтпелі портал іске қосылды.
Кедендік бақылау департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ерлан Қалымғазиннің айтуынша, өткен жылы еліміздің кеден органдары Елбасымыздың Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерін жүзеге асыруға басты назар аударған. «Негізгі күш заңнамалық және нормативтік базаны нығайтуға, кедендік бақылауды жетілдіруге, заманауи ақпараттық және коммуникациялық технологияларды енгізуге, кедендік инфрақұрылымды жаңартуға бағытталды. Оған жақында ашылған аймақтық мониторинг орталығы мен бүгін тұсауы кесілген заманауи құрылғы дәлел бола алады», - деді ол.
Оның айтуынша, енді тек осы жаңа құрылғы - «Ionscan sentinell II» порталы адамдарды басынан аяғына дейін жанасусыз тексеріп, жарылғыш және есірткі заттардың бар-жоғын анықтайтын болады. "Оны арнайы жұмыс істейтін оператор түрлі-түсті экран арқылы басқарады. Құрылғының артықшылығы - ол көп уақыт іздеулерге кететін іс-әрекет уақытын қысқартып, бірнеше секунд ішінде аталмыш заттардың бар-жоғын анықтай алады. Құрылғы бір минут ішінде 6 адамды тексеріп қарай алады", - деп атап өтті Ерлан Қалымғазин.