Алматы әуежайында Ashyq мобильді қосымшасы қалай жұмыс істейді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 21 мамырдан бастап Алматы халықаралық әуежайы келушілерді Ashyq қосымшасы арқылы кіргізеді. Қазір бұл жүйе пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясовтың 6 мамырдағы қаулысына сәйкес, жолаушылар әуежайға келер алдында Ashyq мобильді қосымшасын жүктеп, мәртебесін тексеруі керек.
Бұл ретте әуежай ғимаратына кіру үшін жолаушы QR-кодты сканерлеп, өз статусын әуежай қызметкеріне кіреберісте көрсетуі тиіс. Қосымша, өз кезегінде, қызыл, сары, көк және жасыл түсті көрсетеді.
Жолаушыларға статус «ПТР-зерттеулердің бірыңғай интеграциялық порталы» және «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің COVID-19 бақылау орталығы» ақпараттық жүйелерімен салыстыру негізінде беріледі.

Статус келесідей:
«Жасыл» – жүріп-тұруында шектеу жоғын білдіреді, мұндай адам базада COVID-19 індетіне ПТР-тестілеуі теріс нәтиже көрсеткен пайдаланушы болып саналады.
«Көк» — ауру жұқтырған адамдармен байланыста болған адамдар есебінде жоқ, ПТР-тест талап етілетін жерлерден басқа кез келген орында еркін қозғалу дегенді білдіреді.
«Сары» – байланыста болған адамдарға берілетін мәртебе. Оларға азық-түлік алуға немесе үйдің жанындағы дәріханаға баруға рұқсат етілгенмен, басқа қоғамдық орындарға баруына тыйым салынады.

«Қызыл» статус — ПТР-тест тапсырып, коронавирус анықталған адамға беріледі. Мұндай мәртебе иелері үйде оқшаулану режимін қатаң сақтауы тиіс.
«Ashyq» жобасының мақсаты – қызыл және сары статусы бар жолаушыларды әуежайға және ұшаққа кіруіне шектеу қойылу арқылы өзгелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Әуежайдың баспасөз хатшысы Наталья Соколованың айтуынша, жолаушылар, шығарып салушылар мен қарсы алушылар осы жүйенің көмегімен тексеріледі.
«16 мамырдан бастап біз жүйені пилоттық режимде іске қостық. «Ashyq» жобасы бойынша жұмыс істеуге дайынбыз. 16-19 мамыр аралығында Цифрлық даму министрлігінің мәліметтері бойынша «қызыл» мәртебеге ие 24 және «сары» мәртебеге ие 15 адам анықталды. Олар әуежайға жіберілген жоқ «, - деп түсіндірді Наталья Соколова.

Сонымен қатар, ол жолаушыда смартфон болмаған жағдайда әуежай қызметкері ақпараттық жүйеде ЖСН (оның келісімімен) арқылы оның статусын тексеретінін айтты.
«Смартфондары мен телефоны жоқ адамдар уайымдамасын. Ең бастысы жеке куәлігі болса болғаны. Кіре берісте олардың мәртебесін қауіпсіздік қызметкері тексеріп береді. Шетелдіктер де дәл солай тексере алады. Ал 18 жасқа дейінгі балалар емін-еркін өтеді «, - деп қосты ол.
Сондай-ақ, спикер жүйе істен шыққанда қандай шаралар қолданатынын айтты.
«Жобаны әзірлеушілер барлық техникалық тұстарын да қарстырған. Қазір жүйе жақсы жұмыс істеп тұр. Ешқандай ақаулар болмайды деп сенеміз. Жүйе істен шыққан жағдайда біз жолаушыларды жібереміз, өйткені бұл форс-мажор жағдай. Біз өз тарапымыздан жолаушыларды ұзақ күттірмеу үшін қосымша кіреберістер аштық, дәліздер ұйымдастырдық. Ашық мәліметтер базасында келушілердің ЖСН-і жазылғанын және бағдарлама жасаушылар деректердің қауіпсіздігіне кепілдік беретіндігін атап өткім келеді «, - деді спикер.
Қала тұрғындары пилоттық жобаға жоғары баға беріп үлгерді.
«Кіре берісте менде « көк « мәртебесі шықты. Бірақ мен вакцинаны базаға қосуын күтіп жүрмін. Себебі, біз отбасымзбен вакцина салдырдық. Менің ойымша, бұл жобаны жүзеге асырғаны жақсы, өйткені кәсіпкерлерге жұмыс істеуге рұқсат берілген», - деп ойымен бөлісті алматылық.






