Алматы әуежайында коронавирусқа қарсы іс-шаралардың орындалуы тексерілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алматыда аймақтық штаб мегаполис әуежайында коронавирусқа қарсы іс-қимыл шараларын жүзеге асыру бойынша тексеру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы әуежайында коронавирусқа қарсы іс-шаралардың орындалуы тексерілді

Коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру аясында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың төрағалығымен аймақтық штаб отырысы өтті.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Т.Әбілдаев және Алматы қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі департаментінің бастығы А.Молдағасимова, «Халықаралық Алматы әуежайы» АҚ-ның тасымалдау жөніндегі вице-президенті Б.Әбдірасілов, Алматы қаласының шекара бақылау отряды басшысының бірінші орынбасары А.Ушпаев күшейтілген санитарлық-карантиндік бақылауды қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Сонымен қатар, санитарлық-карантиндік бақылау үшін Алматы қаласының халықаралық әуежайына сапар жасалды.

Әуежайға барған кезде қауіпті аймақтардан келетін ұшақтардың сүзгіден өткізу аумағындағы жұмысы, медициналық пункт және жылу түсіргіштер тексерілді. Әуежай қызметкерлерінің, көші-қон полициясының, қауіпті аймақтардан келген қонақтармен жұмыс ережелерінің сақталуын қадағалайтын медицина қызметкерлерінің жұмысына ерекше көңіл бөлінеді.

Халықаралық Алматы әуежайы туристік және көші-қон ағындарын ескере отырып, заманауи талаптарға сай жабдықталған. Коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу, көліктік бақылау бекеттерінде санитарлық-ағарту және түсіндіру жұмыстары бойынша ережелер сақталған.

Бүгінгі таңда рейстер оқшау тұрған тұраққа келіп тоқтайды. Барлық жолаушы мен экипаж мүшелері екі рет жылу түсіргіштер тексерісінен өтіп, ары қарай бақылауда болу үшін және тексерістен өту үшін сауалнама толтырады.

Вирусты инфекцияға күдіктелген жолаушылар дереу арнайы оқшауланған аумаққа апарылады. Инфекционист бәрі дұрыс екенін мәлімдеген жағдайда жеке бағыт бойынша арнайы жабдықталған орынға жіберіледі.

Жалпы алғанда бүгінде Алматыдағы жағдай бақылауға алынған және коронавирусты инфекция жұқтырған жағдай болған жоқ. Билік ресми ақпаратқа сенуге, әлеуметтік желілердегі алып-қашпа әңгімелерге көңіл аудармауға шақырады.