Алматы әуежайында сөмкесіне оқ-дәрі салып алған екі шетелдік ұсталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – 28 қыркүйекте көліктегі полиция қызметкерлері 64 жастағы ер адам мен 43 жастағы әйелді ұстады. Екеуі де - Германия азаматы, Қазақстанға «Алматы-Франкфурт» әуе рейсімен ұшып келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы әуежайында сөмкесіне оқ-дәрі салып алған екі шетелдік ұсталды

Тексеру кезінде олардан 30-06 мм және 300 мм калибрлі патрондар табылды.

«Полицияның желілік бөлімінің қызметкерлері Алматы қаласының әуежайында ұсталғандарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 484-бабының 1-тармағы бойынша әкімшілік хаттама жасады. Әрқайсысына 10 АЕК (29170 тг) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды», - деп хабарлады көліктегі ПД баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, сол күні Алматы қаласының әуежайында 1979 жылы туған Алматы облысының тұрғыны ұсталды.

Ол Нұр-Сұлтан қаласына ұшып бара жатқан әуе кемесінің бортына электр есеңгіреткішпен кіруге тырысқан.

Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 482-бабының 1-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Қазіргі уақытта тәркіленген зат бойынша сот-электротехникалық сараптама тағайындалды.