Алматы әуежайында вакцинациялау пункті ашылды

Әуежайдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстанда коронавирус инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қаулысына сәйкес, Алматы халықаралық әуежайы №32 қалалық емханамен бірлесіп вакцинациялау пунктін ашты.
Қала тұрғындары мен қонақтары терминалдың бірінші қабатында орналасқан медпунктте QazVac немесе Sinovac вакцинасын егіле алады.
Естеріңізге салсақ, Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазақстандықтарды вакцина алуға шақырды.
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Алматы қаласында кеше 7 725 адам коронавирус вакцинасын салдырды. Вакцина салдырғандар саны бойынша Алматы қаласы алдыңғы орында. Биылғы жылдың 1 ақпаны мен 13 қыркүйек аралығында қалада 913 607 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін, 809 747 адам екінші компонентін салдырған. Оның ішінде 115 210 адамның жасы 60-тан асқан.