Алматы әуежайында жолаушылар мен қала қонақтарының саны күрт өскен

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Блогер Мақпал Иманова Instagram парақшасында Алматы әуежайында қалың нөпір халықтың көптігіне шағымданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әуежайында жолаушылар мен қала қонақтарының саны күрт өскен
Видеодан алынған кадр: instagram.com/makushkakz

Блогердің айтуынша, қалың нөпір адамның ортасында біреу өзін нашар сезінген.

«Алматы халықаралық әуежайы. Бір сағатқа жуық уақыт өтті, адамдар әлі орнынан жылжымай кезекте тұр. Қалың нөпірдің ортасында біреулер бір кісінің өзін нашар сезінгенін айтып, айқайлады. Наразы жолаушылар кондиционерді бүкіл қуатына қосып, барлық адамға судың таратылуын сұрады. Бірақ әуежай персоналы оларды құлаққа ілген жоқ», - деп жазды Мақпал Иманова.
Осыған орай, Алматы халықаралық әуежайы жазғы демалыс кезінде рейстердің көбеюіне байланысты әуежайда жолаушылар мен қала қонақтарының саны күрт өскенін хабарлады.
«Қазіргі уақытта Алматы халықаралық әуежайының аумағында қосымша кезектер мен кептелістер байқалуы мүмкін. Біз өткізу қабілеті 7 млн адамды құрайтын және қаламыздың тұрғындары мен қонақтарына қажетті жайлылық пен ыңғайлылықты қамтамасыз ететін жаңа халықаралық жолаушылар терминалының құрылысын тезірек аяқтауға күшімізді саламыз. Алматы халықаралық әуежайында жолаушылар ағынының ұлғаюына байланысты техникалық департамент желілердің жұмысын жақсарту үшін шаралар қабылдайды. Оның ішінде жолаушылар ағынының өсуін ескере отырып, қазіргі деректерге сәйкес келетін инженерлік желілердің жобасын әзірлейді», - деп хабарлады әуежайдың баспасөз қызметі.
Әуежай сондай-ақ бүгінгі күні әуежай терминалының өткізу қабілеті жылына 2,7 млн жолаушыны құрайтынын мәлім етті.
«Алматы халықаралық әуежайы 2022 жылы 7,2 млн-нан астам жолаушыны қабылдады, биыл жолаушылар ағынын 8 млн-ға дейін ұлғайту жоспарлануда», - деп мәлім етті әуежайдың баспасөз қызметі.