Алматы әуежайының басшылығы тоқтап қалған құрылыстар туралы айтып берді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әуежайының басшылығы әуежай маңындағы құрылысы тоқтап қалған нысандар туралы айтып берді.
Айта кету керек, бұл нысандар 2010 жылдан бері тұр. Олардың бірінің құрылысы халықаралық рейстерді жүзеге асыру үшін басталған.
«Алматы халықаралық әуежайы» АҚ вице-президенті Қобыланды Тұмышевтың айтуынша, бұл «Эйр Астана» компаниясының мүддесі үшін жасалған.
«Эйр Астана» компаниясының ұшақтары ішкі және сыртқы болып бөлінбейді. Терминал салынған жағдайда Ақтөбеден келген ұшақты Бейжіңге баратын жолаушыларды ала кету үшін 2 ұшу жолағы арқылы өткізу қажет болады. Бұл өте тимсіз», - деді ол.
Екінші ғимарат құрылыстың сапасы сын көтермегендіктен тоқтап тұр екен.
«Құрылыс аяқталып қалды. Мұнда халықаралық қонақ үй желісін салсақ деп едік. 2008 жылы «Park Inn» халықаралық қонақ үй желісінің басшылар келіп желдету жүйесінің дұрыс салынбағанын айтып, жөндеу жұмыстарына 7 млн еуро қажет екендігін айтқан», - деді ол.

