Алматы әуежайының ғимараты тарихи ескерткіш болса, неге жеке меншікке сатылды – Министрлік жауап берді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматы әуежайының ғимараты тарихи ескерткіш болса, неге жеке меншікке сатылды? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдеріне осындай сауал қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Алматы қаласы әкімдігінің 2010 жылғы қазандағы қаулысы бойынша Алматы әуежайы тарихи құндылығы бар нысан ретінде белгіленген және бұзуға жатпайтыны көрсетілген. Соған қарамастан, әуежай ғимаратын жеке меншікке сатып жіберді. Егер аталмыш қадамға тыйым салатын нормативтік-құқықты акт болса, әуежай ғимараты неге жеке меншікке сатылды? Оның негіздемесі қандай? Әуежай ғимараты мәдениет ескерткіші болса, меншік иесі оны бұза ала ма?», - деп сұрады БАҚ өкілі.
Министр Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, мұндай мәселемен арнайы комиссиялар айналысады.
«Заң бойынша мәдениет ескерткіштеріне қатер төнетін болса, жеке меншікке берілмеу керек деп дұрыс айтып отырсыз. Шын мәнінде тарихи-мәдени мұра мен мәдениет ескерткіштері, қала құрылысының ескерткіштері заңмен қорғалады. Ол тізімнен бұл нысандар толықтай жарамсыз болып қалғанда ғана шығарылады. Ол үшін арнайы комиссия белгілі бір зерттеулер жүргізіп, ескерткішті қалпына келтіру мүмкін емес деген қорытынды шығаруы керек», - деді ведомство басшысы.
Айтуынша журналист айтып отырған нысан қала құрылысы ескерткіші болып саналады.
«Менің ойымша, бұл жеке жағдай, бөлек қарау керек. Өзім қадағалауға алам. Ескерткіш Алматы қаласында орналасқандықтан, Алматыдағы комиссия қараған болса керек. Тіпті жеке қолға бергеннің өзінде жеке меншікке емес, сенімгерлік басқаруға тапсырған болуы керек деп ойлаймын. Шын мәнінде нормалар бұл тарихи-мәдени ескерткішті сақтау бойынша өте қатаң сақталуы керек», -деді Ақтоты Райымқұлова.
Ал вице-министр Нұрқиса Дәуешовтің айтуынша, Алматы қаласындағы әуежайдың бүкіл аумағы тарихи ескерткішке жатпайды.
«Алматы қаласындағы әуежайдың қасындағы ғимараттың белгілі бір бөлігі ғана тарихи ескерткіш болып саналады. Заң бойынша Алматы қаласының әкімдігі арнайы сараптамалық комиссияның шешімін алады. Сондықтан комиссияның шешімі толық әуежайды емес, тарихи бөлігін ғана алып отыр. Оған арнайы мамандардың қорытындысы беріледі. Соған байланысты жұмыстар әрі қарай жүргізіледі», - деді министрдің орынбасары.