Алматы ауруханалары қағазбастылықтан арылады - Байбек
Шаһар басшысы қаланың болашақтағы бағыты 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасына сай өрбитінін айтты.
«Елбасы айтқандай, біздің басты байлығымыз - адам капиталы, тұрғындарымыз. Ең алдымен қаладағы білім беру, денсаулық сақтау саласына басымдық берілмек. Алматылықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы республика бойынша бірінші орында тұр. Ең бастысы қалалықтардың медициналық қызметті пайдалануларына ыңғайлы жағдай жасалмақ. Қазір арнайы портал арқылы алматылықтар дәрігерге жазылып, үйге дәрігер шақырта алады. Былтыр цифрлық форматта 1 млн 300 мың қызмет көрсетілген. Енгізілген жаңа технологиялар жедел жәрдемнің науқастарға жету жылдамдығын 30 пайызға арттырған», - деді әкім.
Оның айтуынша, алдағы жылдары Алматыда ауруханалар қағазсыз жұмыс жасайтын болады.
«Дәрігерлер 5 минут адамды қараса, 20 минут жазады. Бұл олқылықтың бәрі цифрлық технологиялардың арқасында жойылатын болады», - деді қала басшысы.
Бауыржан Байбек Алматыда медицина саласының инвестициялық тұрғыдан тиімді екендігін атап өтті.
«Қазақстандықтар бір жылда шетелге барып емделуге 500 млн доллар құртады екен. Осындай сапалы медициналық қызмет көрсету үшін бірқатар шетелдік инвестор заманауи клиника салып жатыр. Егер бұл салада ақша болмаса, бұл компаниялар қаржы салмас еді», - деді Б.Байбек.