Алматы – автобусы ең көп қала, ал екі өңірде қоғамдық көліктің бұл түрі мүлдем аз

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биылғы мамырда 161,1 мың автокөлік құралы есепке қойылды. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе артық, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

Алматы – автобусы ең көп қала, ал екі өңірде қоғамдық көліктің бұл түрі мүлдем аз

Оның ішінде жүк автомобильдерінің саны 1,8 есе, автобустар – 1,7 есе және жеңіл автомобильдер – 1,5 есе артқан.

1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген автокөлік құралдарының саны 4 872,8 мың болды, оның 87,8% – жеңіл автомобильдер, 10,1% – жүк және 2,1% – автобустар.

Автобустар бойынша, жалпы елімізде жолаушыларды 100 701 автобус тасымалдайды, бұл – өткен жылғы сәйкес уақытпен салыстырғанда 25,9% артық. Шыққан жылы 10-нан 20 жылға дейінгі автобустардың жалпы тіркелген санынан үлесі 38,4%, 20 жылдан асқандардікі – 36,6%.

Өңірлік бөліністе автобустардың ең көп саны Алматыда – 12 654, Астанада – 7 398 және Алматы облысында – 7 644. Автобустардың ең аз саны Ұлытау (114) және Абай (241) облыстарында тіркелді. Автобустардың 47,1% жеке тұлғаларға тиесілі, қалған 52,9% заңды тұлғалардың иелігінде.