Алматы билігі арықтардың неге қаңсып тұрғанын түсіндірді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімдігі қаладағы арықтардың неге қаңсып бос тұрғанын түсіндірді. Алматы Қоғамдық кеңесі бұл туралы Жасыл экономика басқармасынан жауап алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Арық желілерін пайдалану мен жасыл желекті суару бойынша бюджеттік бағдарламаны аудандық әкімдіктер жүргізеді. Арықтарға су таудағы өзендерден келеді. Қазіргі таңда Есентай мен Қарасу өзендерінің бойында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты су тоқтатылған. Сонымен қатар Әуежайдың жанындағы көлде баспалдақ (пирс) салынып жатыр. Сондықтан, Кіші Алматы өзенінің аңғары жабық тұр. Одан бөлек қалалық Мобильділік басқармасының бастамасымен қаладағы барлық аудандарда 111 көше қайта жасалып жатыр.

Ал Жасыл экономика басқармасының бастамасымен 57 көшедегі ұзындығы 57 шақырым болатын арық желісі жөнделіп жатыр. Сондықтан бұл көшелерде де уақытша су ағып тұрған жоқ», - деді «Ақпараттық ресурс орталығы» қоғамдық қорының басшысы Алтынай Көбеева.

Мұның алдында Фейсбуктегі «Дежурный по городу» тобында қала тұрғындары арықтардың қаңсып тұрғанын айтып дабыл қаққан болатын.

«Қалалық әкімдікке сұрақ! Сіздерге қаланы кептіріп, қаңсытуға тапсырма берілді ме? Су қайда??!» - деп жазды желі қолданушылары.

Соңғы жаңалықтар