Алматы билігі соқыр сенімге бой алдырғандарды қайтаруға кірісті
Қазақ дәстүрлеріне, ислам қағидаттарына жат ағымдар 18 жастан асқан жастарды баурап барады.
Осындай деструктивті ағымдармен күрес ретінде Алматыда «Шаңырақ» діни кеңес беру алдын алу және оңалту орталығы ашылды. Орталық жетекшісі Мадияров Мирхаттың айтуынша, ислам дініндегі радикалды деструктивті ағымдардың ішінде сәләфия (уахабит) ағымы үлкен қауіп туғызып отыр.
«Шаңырақ» орталығы ашылғалы 2 жыл өткен. Орталықтың миссиясы - деструктивті ағымдарға кіріп кеткен адамдардың ойын өзгертіп райынан қайтару. Осы уақыт аралығында 617 адаммен жеке профилактикалық кездесу өтті. Негізінен «сәләфия» ағымына бой алдырғандарға көңіл бөлінуде. Орталыққа күніне 30-ға жуық адам келеді. Алдымен келушіден сауалнама алынады. Кейбір адамдар сұрала келе өзінің сәләфия ағымында адасып жүргенін аңғарып, таң қалады.
«17-сұраққа келгенде кері ағым деген қандайлар деп сұраймыз. Сонда олар өзін-өзі айта алмай қалады. Аузы бармайды», - деді Мирхат Мадияров.
«Бұл бауырларымызбен сөйлескенде сенікі қате деп кесе айту дұрыс емес. Себебі, олар тік қабылдайды. Сондықтан, барынша мұқият сөйлесеміз. Көп жағдайда біздің байқауымызша, келген адамның көбі адасушы, әдейі істемеген. Дінде бірдеңеге сеніп тұрған адамға басқа нәрсе айту өте қиын. Ең бастысы, жүрегіне күмән дәнін себу. Дәрістерге келген сайын күмән дәніне су құя береміз. Екі жақ тепе-тең түскенде сол кезден бастап өз жағымызға тартып кетуге тырысамыз», - деді ол.
Оның айтуынша, сәләфия ағымының өкілдерін сырт келбетінен, сөйлеген сөзінен тануға болады.
«Сақал сәләфиттің анық белгісі емес. Сақалды Ханафи мазхабы да такфиршілер де, таблиғи жамағаттағылар да қояды. Сәләфилердің балақтары қысқа. Бірақ біз белсенді жұмыс істей бастаған соң балақтарын ұзарта бастады. Сөйлеген кезде лексиконда «субханалла, машалла, алхамдулилла» сөздері тым жиі қолданады. Сондай-ақ, мешіттегі іс әрекеттерінен де байқауға болады. Намаздан соң құран оқуға қалмайды. Намазға ұйығанда алдыңғы сапқа тұруға тырысады», - деді ол.
Деструктивті діни ұйымдардың ықпалына тек қана ерлер ғана түсе бермейді. Сондай-ақ, сәләфия ағымы әйелдер арасында да кең таралған. Әдетте күйеуі сәләфия ағымында болса, әйелі де сол ағым жетегінде кетеді.
Бүгінде көк базар аймағында әйелдерге арналған бөлімі ашылды. Онда адасқан әйелдермен теолог әйелдер жұмыс жасайды.
Алайда, әйелдердің сеніміне селкеу түсіру өте қиын дейді маман.
«Әйелдердің сенімі көзсіз болады. Тіпті Алатау ауданындағы бір жағдайда анықтай келгенде ерін әйелі сәләфия ағымына тартып алғаны белгілі болды», - деді М.Мадияров.
Айта кету керек, «Шаңырақ» орталығының Бекет ата мешітінде үшінші бөлімшесі бар. Ол негізінен мешіттермен жұмыс істейді.
Сарапшының айтуынша, орталық ашылып, кері насихат жұмыстары басталғалы бері сәләфия ағымының беті қайтқан. Осыдан екі ай бұрын ахуал өте шиеленісіп тұрса, қазір біршама тынышталды.
Орталық жұмысының келесі бір бағыты - тергеу орындарында насихат жұмыстарын жүргізу.
Ұлттық қауіпсіздік департаментінің тергеу изоляторында, ТИ-1, ТИ-8 мекемелерінде ҚМДБ «Шаңырақ» орталығына белгілеп берген имамдар, деструктивті діни ағым өкілдерімен 23 сұхбат өтті. Оның ішінде 5 адам өз ұстанымында қалса, 1 адам толық оңалды. 6 адам теологтармен жұмыс жасай бастады.
Айта кету керек, түрмелер мен «Шаңырақ» оңалту орталығы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа сәйкес, осы мекеме ҚАЖД басшылығына өз тарапымыздан бірнеше ұсыныс жасалды.
«Қылмыстық іс қозғалған азаматқа тергеу шаралары басталғаннан, сол жердегі арбаушылар жұмыстарын бастап кетеді. Діннен хабары жоқ болып келген азамат алғашқы ілімін осы жерде ала бастайды да, 70-80 пайызы кейіннен қатып қалған кері ағым болып шығады.
Әрине, түрмедегі қиындықтар мен түрлі күштерге қарсы арқа сүйер мұсылман жамағаты бар екендігі бәрімізге мәлім. Сондықтан, алғашқы күннен бастап өзін мұсылман жамағатынан екендігін көрсету үшін намазын бастап кетеді. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық көрінеді»,- демекші, осындайда ол мекемелерді әбден жайлаған кері ағым өкілдері дәрет алу, намазды дұрыс оқу, құран жаттауда ұстаз ролін атқарып отыр. Сондықтан, қылмыстық іс қозғалғаннан бастап, «Шаңырақ» оңалту орталығы мамандары ескерту шараларын бастасын деген ұсыныс айтылды. Бұған орталық мамандарына қосымша арнайы мекемелердегі шараларды атқаруға ҚМДБ тарапынан ұсынылып отырған 6 имам мен мешіт қызметкерлерімен қоса «Нұр Мүбәрәк» университетінің мешітте қызметте болған жоғары курс студенттері жұмылдырылса, жақсы болар еді», - деді Мирхат Мадияров.
Маманның айтуынша, «Уахабия» ағымына тарту умра және үлкен қажылық сапарлары барысында қызу жүріп отыр. Қажылық сапарына баруға ниет еткен азаматтардың 70 % дейін ислам шарттарын, парыздарын білмей, көбі сол жақта намазға тұрып, кері ағымдар туралы түсініктері болмағандықтан «сәләфия» кері ағымына түсіп келеді. Келген бетте оларды осы жақтағы бауырларымыз көзден таса етпей, өз ықпалдарында ұстап, Құранды өздерінше тәпсірлеп, сүннет пен хадистерді де ыңғайларына қарай ұғындырып отырады.
Осыған орай, Алматы қаласы, «Әл Мәдина» мешіті жертөлесінде орналасқан қажылыққа даярлық курсын жандандырып, умра мен үлкен қажылыққа Алматы қаласы арқылы қажылыққа баратын азаматтар, «Шаңырақ» діни кеңес беру, алдын алу және оңалту орталығы мамандарының діни экстремизмге қатысты арнаулы курс дәрістерін тыңдамақ.