Алматы: Бірі мемқызметші, бірі істі болған депутаттардың орнына сайлау өтеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат  - Алматы қалалық мәслихатының босап қалған екі орнына депутаттарды сайлау өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы: Бірі мемқызметші, бірі істі болған депутаттардың орнына сайлау өтеді

Мәлім болғандай, депутаттардың бірі әкімдік басқармасына басшы болып тағайындалса, екіншісінің үстінен іс қозғалған.

Алматы қаласы Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Жанна Асанованың айтуынша, «ҚР Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңына сәйкес олардан мандатты алу шешімі шығарылды.

«№12 округ депутаты Ханзада Есенова қалалық басқармаға басшы болып орналасуына, мемлекеттік қызметке кетуіне байланысты одан депутаттық өкілеттілік алынды. Сондай-ақ №24 округ депутаты Айбек Бектұрғановқа қатысты сот үкімі күшіне енуіне байланысты одан да депутаттық өкілеттілік алынды», - деді Жанна Асанова.

Айта кетейік, мәслихаттағы екі бос орынға бұған дейін 15 үміткер тіркелген болатын. 27 ақпанда олардың 6-ауы сайлауға түсуден өз еріктерімен бас тартты. Сондай-ақ ҚР Сайлау туралы заңына сəйкес салық декларациясында көрсетілген мəліметтердің дұрыс болмауына байланысты - 1 үміткер,  тіркеу құжаттарының түгел болмауына қатысты тағы 2 кандидат шығып қалды.

Нәтижесінде, №12 және №24 округтер бойынша сайлауға 6 депутат түсетін болды.

Сайлауалды үгіт-насихат кезеңі 2018 жылдың 28 ақпанынан 23 наурызына дейін жалғаспақ.

Сайлау 25 наурызда өтеді.