Алматы дәрігерлері ауыр диагнозбен босанған әйелді аман алып қалды
Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығына жүктіліктің 36 аптасында HELLP синдромымен, жедел бауыр жеткіліксіздігімен және асцитпен (іш қуысында сұйықтықтың жиналуы) асқынған ауыр преэклампсия диагнозымен 26 жастағы әйел ауыр жағдайда түсті.
Дәрігерлердің айтуынша, ұрық мембраналарының пренатальды жарылуына байланысты жүкті әйелдің жағдайы нашарлаған. Науқасты шұғыл түрде босандыруға тура келді. Дүниеге салмағы 2,9 келі дені сау ұл келді. Жансақтау бөлімінде дәрігерлер 20 күннен астам уақыт бойы анасының өмірі үшін күресті.
«Аурухананың барлық дәрігерлері мен медбикелері үйлесімді және нақты жұмыс істеді, біздің дәрігерлердің кәсібилігінің арқасында өлім-жітімнің алды алынды», - дейді перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының директоры Ғани Бодықов.
Оның айтуынша, HELLP синдромымен асқынған ауыр преэклампсия - қолайсыз перинатальды нәтижелердің жоғары қауіп факторы. Мұндай диагноз ананың да, ұрықтың да денсаулығына кері әсер етеді және өте ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін, атап айтқанда 80% ананың өліміне және ұрықтың өліміне әкеледі.
Қуанышымызға орай, бұл жағдайда баланың өміріне қауіп төнбеді. Бірақ анасының жағдайы өте ауыр болды.
Дәрігерлердің арқасында науқастың беті бері қарады. Бүгінгі күні ана мен бала өзін жақсы сезінеді және үйіне шығарылды.