Алматы дәрігерлері базардағы саудагерлер мен келушілерді медициналық тексеруден өткізді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматының Жетісу ауданындағы үш базарда медицина қызметкерлері 3 күн бойы адамдарды кешенді тексеруден өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы дәрігерлері базардағы саудагерлер мен келушілерді медициналық тексеруден өткізді

Алматылық дәрігерлер «Байсат», «Сәлем» және «Алатау-1» базарларында жұмыс істейтіндер мен келушілерге кешенді медициналық тексеруден өтуді ұсынды.

Медициналық профилактикалық қабылдауларға Жетісу ауданындағы барлық медицина мекемелері қатысты. Олар флюорография, холестерин мен қандағы қант деңгейін анықтау, көз қысымын өлшеу, қан қысымын өлшеу және ВИЧ-инфекциясын анықтау үшін экспресс-тесттен өту қызметтерін ұсынды.

«Адамдардың тұрғылықты жеріне қарамастан біз келушілердің барлығын қабылдадық. Базарларда жұмыс істейтін көрші мемлекеттердің азаматтары да дәрігерлерден кеңес алып, медициналық тексеруден өтті. Тіпті кейбіреулері өздерінің қан қысымын білмеген, тексеру барысында 21 адамның гипертонияға ұшырағаны анықталды. Дәрігерлер шұғыл түрде 9 адамның қан қысымын ретке келтірді. Стационарлы цифрлық бекет жұмыс істеді, сол арқылы адамдар қай емханаға тіркелгендерін біле алды», - деді Алматы қалалық №111 емхананың бөлім меңгерушісі Назым Күшікбаева.

«Шетсіз қала» акциясы аясында жалпы практика дәрігерлері 500 адамды қабылдап, 37 адамның патологиясын анықтады.