Алматы денсаулық басқармасы қосымша 40 мың доза «Тамифлю» препаратын сатып алды
trong>Қарашаның 5-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматы денсаулық басқармасы A H1N1 тұмау ауруы шығып қалу қаупі жағдайының алдын-алу мақсатында, қосымша 40 мың доза «Тамифлю» препаратын сатып алды.
Бұл туралы арнайы баспасөз мәжілісінде қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Еркін Дүрімбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қосымша дәрілер қала әкімінің резервтегі қорына сатып алынған. Қазір ол препараттардың әкелінуі күтілуде. «Эпидемия туындаған жайдайда, біздің республикалық қорда - 1 мың қосымша доза мөлшері бар. Бүгінгі күні біз 100 доза мөлшерін қалалық балалар және үлкендер емделетін инфекциялық ауруханаларға бөліп бердік. Сонымен қатар, біз медициналық мекеме қызметкерлеріне 10 мың бет перделер сатып алдық. Сондай-ақ бізде санитарлық-эпидемиологиялық жүйені толық көлемінде ұстап тұруға арналған, үш мың литр шамасында залалсыздандыру құралдары да бар», деді басқарма басшысы.
Маусымдық эпидемия кезінде Алматы қаласында жылына ЖРВИ-мен ауыратындардың саны 170-тен 190-ға дейін жетеді екен. Биылғы жылдың соңғы 9 айында - 119 ауырған адам тіркелген. Бүгінгі күні 66 056 адам ЖРВИ-ге қарсы вакцина алған. Оның 25 292-і 14 жасқа дейінгі балалар. Бюджет есебінен 70 мың адамды егу күтілуде. Қалада 10-нан аса жеке меншік медициналық орталықтарда егуге арналған арнайы бөлмелер жұмыс істейді.