Алматы дүкендерінен талапқа сай емес 112 ойыншық түрі анықталды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматыда жарамдылық мерзімі, құрамы мен өндірілген жері көрсетілмеген тамақ өнімдері мен балалар ойыншықтары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
2020 жылдың бірінші жарты жылдығында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті Алматы қаласы бойынша Ұлттық сараптама орталығының филиалына сараптамаға 434 түрлі тамақ өнімі мен 120 балалар ойыншығының үлгісі жеткізілген.
Нәтижесінде орталық мамандары 219 азық-түлік тауарының таңбалануында заң бұзушылықтарды анықтады. Мәселен, өнімдердің құрамы, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары және өндіруші туралы ақпарат көрсетілмеген. Сәйкес келмейтін сынамалардың ең көбі (43) кондитерлік және нан-тоқаш өнімдерінде болды. Олар: «Монетки» кәмпиттері, «Баян-Сұлу» кәмпиттері, «Мир кексов» бисквитті торты, «Mummy' s cake», «Муравейник» тәтті наны, «Далматово» кептірілген ванилі, «Ассорти» қабатталған француз тоқаштары, көкжидек қосылған белевская пастиласы, «Samelle» пахлавасы, пряниктер, сұлы печеньесі, жержаңғақ қосылған кекс, «Бал Шырын» бал қосылған тәтті наны, «Тимоша» козинактары, шоколад дәмі бар сироп, сағыз, «Love is» шайнайтын кәмпиттер, «Сrunchy» жидекті мюслиі, бал, қант. Бұл өнімдер Қазақстанда, Ресейде, Францияда және Түркияда өндірілген.
Сондай-ақ 33 жеміс-көкөніс өнімінде таңбалауға қойылатын талаптар бұзылған. Олар: «Olevi» таңқурайдан жасалған тосабы, саңырауқұлақ қосылған ашытылған қырыққабат, маринадталған жасыл бұрыш, табиғи лечо, «Лазджан» ащы дәмдеуіші, «Ткемали ОДА» соусы, «Baruto» маринадталған зімбірі, құрма, «Kuhne» кілегейлі желкегі, «La Molisana» картоп тұшпарасы, сүйегімен консервіленген зәйтүн, «Pelati» тазартылған тұтас қызанағы, «Olevi» құлпынай джемі, мұздатылған көкөністер, «Aroy-D» кокос кремі, «ЖЯН СИФУ» бұрышты соусы, «Маш-Маш» құрмасы, «Elite dates», «Kuhne smoked Pepper BBQ» ысталған бұрыш қосылған қызанақ барбекю соусы. Бұл өнімдер Қазақстан, Ресей, Қытай, Иран, Италия, Германия, Таиланд елдерінде шығарылған.
Сонымен қатар балық консервісі, шай, ірімшік, сүт, шұжық, макарон өнімдерінде таңбалану талапқа сай еместігі анықталып отыр.
Мұнан бөлек, ойыншықтардың 112 үлгісінде таңбалау бойынша сәйкессіздіктер анықталды.
«Көбінесе тұтынушы ойыншықтың атауын, өндіруші ел, өндіріс орны, импорттаушы, мақсаты, материалдың құрамы, шығарылған күні туралы біле алмайды. Мемлекеттік және орыс тілдерінде таңбалау жоқ. Алматы қаласы бойынша Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті техникалық регламенттер талаптарының сәйкессіздігі анықталған жағдайда барлық жеке кәсіпкерлерге Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнамасы талаптарының бұзылуын жою туралы нұсқама берді. Ұлттық сараптама орталығының мамандары қазақстандықтарды тамақ өнімдері мен ойыншықтарды таңдауда мұқият болуға шақырады. Ең алдымен, өнімді таңбалауға, оның қаптамасына, сақтау шарттары мен жарамдылық мерзіміне назар аудару керек», - деп атап өтеді орталықтан.