«Алматы-Екатеринбург» тас жолында 2 автобус бұзылып, 67 жолаушы құтқарылды
АСТАНА. 26 ақпан. ҚазАқпарат - «Алматы-Екатеринбург» тас жолында 2 автобус бұзылып, 67 жолаушы құтқарылды,
деп хабарлады ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен.
Кеше Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің кезекшілігіне Шет ауданына қарасты «Алматы-Екатеринбург» жолының 846 шақырымында 40 жолаушысы бар автобустың бұзылғандығы турасында ақпарат түскен. «Жедел топтың күшімен жолаушылар Қарағанды бағытында кетіп бара жатқан көліктерге отырғызылды. Ал автобус Ақсу-Аюлы ауылына сүйреп жеткізілді», - делінген ведомство ақпаратында.
Дәл осы тас жол бойында кеше 27 жолаушысы бар тағы бір автобус бұзылды. Оның да жолаушылары жедел топтың күшімен Осакаровка ауылына жеткізілді. Автобусты жөндеу мәселесі шешілуде.