Алматы-Екатеринбург жолында көлік қарсы бағытқа шығып, үш адам мерт болды
ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат - Алматы-Екатеринбург тасжолында көлік қарсы бағытқа шығып, үш адам мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға Алматы облысының аумағында болған.
«21 желтоқсан күні сағат 21.00 шамасында «Тойота-Прадо» автокөлігінің 41 жастағы жүргізушісі «Алматы-Екатеринбург» автожолымен солтүстік бағытта жүріп келе жатып, 90-шақырымда қарсы қозғалыс жолағына шығып, алдынан шыққан «Тойота Авенсис» автокөлігіне соғылған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі жүргізуші де оқиға орнында көз жұмды»,- делінген Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ведомствоның ақпаратына сәйкес, сондай-ақ 27 жастағы жолаушы Қаскелең қалалық ауруханасының реанимация бөлімшесінде екі сағаттан кейін қайтыс болған.
«Аталған дерек ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігі бойынша тіркелді. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды»,- деп толықтырды аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.