Алматы еліміздегі 7-Қысқы Азия ойындарының алауы тұтанған алғашқы қала - қала әкімі

АЛМАТЫ. 12 қаңтар. ҚазАқпарат- /Әділет Мұсахаев/ - Алда болатын Азиаданың алауын жағу рәсімі Әл-Куәйт қаласында өте жоғары деңгейде өтті.

Алматы еліміздегі 7-Қысқы Азия ойындарының алауы тұтанған алғашқы қала - қала әкімі

Бұл жайында ҚР Спорт және туризм министрі Темірхан Досмұхамбетов Алматыдағы халықаралық әуежайдан 7-Қысқы Азия ойындарының алауын қарсы алу кезінде айтты.

"Қазақстанда Азиада алауын алып жүру шеруі тұңғыш рет жүргiзiлмек. Оның мақсаты - спорт пен саламатты өмір салтын насихаттау болып табылады", -дейді министр.

Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов алау шеруінің өтуі еліміз үшін үлкен абырой екендігін айта келе, осыдан төрт жыл бұрын осы ірі жарысты өткізу мәртебесін біздің қаламыздың жеңіп алғандығын мақтанышпен айтты. Сондай-ақ ол 2011 жылғы қысқы Азия ойындарының алауы еліміз бойынша Алматы қаласында алғаш тұтанатындығын жеткізді.

Әкім мен министр алда тартысты дода күтіп тұрғанын және онда қазақстандықтардың лайықты өнер көрсететінін айтты.

Азиада алауы кешке Тараз қаласына жол тартып, одан әрі еліміздің барлық облыс орталықтарын аралайды. Ол 30 қаңтар күні 7-Қысқы Азия ойындарының салтанатты ашылуы өтетін еліміздің бас қаласы - Астанада тұрақтайды.