Алматы емханаларына жаңадан 70 маман жұмысқа қабылданды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы медициналық мекемелер жаңа мамандармен толығатын болды. Олардың арасында салалық мамандық иелері мен алғашқы медициналық көмек көрсету жүйесіне бейімделген мамандар бар. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің (ҚазМҮББУ) 67 түлегі мен 3 магистратура түлегі қалалық емханалардағы мамандар тапшылығын жоятын болды.
67 маманның 46-сы алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласына бағытталса, қалғаны - медициналық орталықтарда, перзентханалар мен жедел жәрдем стансасына орналасатын болады.
Бұл мамандар клиникалық фармакология, кардиология, жүйке жүйесі аурулары, аллергология мен иммунология, жансыздандыру мен жан сақтау, көз, акушер-гинеколог, неонатолог, психиатр, уролог пен андролог, оториноларинголог, травматолог-ортопед, балалар хирургы, эндокринолог, сәулелік диагностика саласында қызмет ететін болады.
ҚазМҮББУ үш түлегі қалалық емханаларға бет-жақ хирургы, невропатолог, нейрохирург болып жұмысқа орналасады.
Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Алматыға сапары барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова медицина саласындағы маман тапшылығын баса айтып, медициналық ЖОО түлектерінің жұмыс табуда қиындыққа тап болатынын ескерткен болатын.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасы мен ҚазМҮББУ медициналық мамандардың жұмыспен қамтылуы үшін көп жұмыс атқарып келеді. Ендігі кезекте осы бағыттағы жұмыс одан әрі жандана түспек.