Алматы гүлзарларына оркестрдің сүйемелдеуімен өтетін музыкалық кештер қайта оралды
АЛМАТЫ. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыда Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған шаралар жалғасуда. Бүгін Панфилов пен Төле би көшелерінің қиылысындағы гүлзарда «Қалалық бақта үрлемелі оркестр ойнайды» атты кеш өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шараның ұйымдастырушысы Алмалы ауданының әкімдігі өкілдерінің айтуынша, бұл шараны ұйымдастыруда Алматы гүлзарларында музыкалық кештер өткізу дәстүрін қайта қолға алу, ардагерлердің көңілін көтеру мақсат болған. Аудан әкімі Марат Пірінбековтың айтуынша, бұндай кештер тұрғындардың көңіл-күйін көтеріп, ескі дәстүрлерді оралтады. Бүгінгі кеште Ғ.Жұбанова атындағы мектеп-интернаттың ең үздік оқушыларынан құралған оркестр тек ардагерлер үшін соғыс жылдарындағы әуендерді орындады.
«Бұндай кештер жастықты еске түсіреді. Кеңес одағы тұсында Алматы гүлзарларында осындай музыкалық кештер жиі өтетін. Ал қайта қолға алынған бұл шара биыл 5-ші рет өткізіліп тұр. Біз әр жұма сайын осындай шара өтіп тұрса дейміз. Соңғы кезде бұл шараға жастар да келіп жүр. Сондықтан бұндай шараның өтуі қажет», дейді Алмалы аудандық ардагерлер ұйымы мәдениет комитетінің төрайымы, еңбек ардагері Меруерт Тыныбекова.