Алматы халқы карантин тәртібіне бағынбайтын өңірлердің басында тұр - Тоқаев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың жұмысын сынға алып, Алматы халқы карантин тәртібіне ең қатты бағынбайтын өңірлердің басында тұрғанын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы халқы карантин тәртібіне бағынбайтын өңірлердің басында тұр - Тоқаев

«Карантин шараларын сақтау жағынан Алматы халқы – тәртіпке ең қатты бағынбайтындардың басында тұр. Мұны бәріміз жақсы білеміз. Онымен қоймай Алматыдан осы жаққа «ұлттық парктерді ашыңдар, демалғымыз келеді» деп хат жазып жатқандар бар. Түсініп болмайсың. Идеологиялық деңгейде қандай да бір жұмыс атқарылуы керек қой», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрес мәселелері бойынша селекторлық отырысында.

Президент Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа осы жұмысты тиісті деңгейде жүргізуді тапсырды.

«Дәрі-дәрмекпен дәріханаларды қамтамасыз ету мәселесі бойынша: біз 43 дәріхананы талдадық. Десе де дәрі-дәрмек тапшылығы әлі де бар. Жетпей жатқан дәрінің бәрін атамай-ақ қояйын. Оған қоса ұзын-сонар кезекті де көріп отырмыз. 80-90 адамға дейін бар. Назарбаев даңғылындағы №2 орталық дәріханадағы кезекте 30-40 адам тұр. Әуезов көшесіндегі «Аптека +» дәріханасында да сол. Ол кезектер туралы фото-видеолар әлеуметтік желіде тарап жүр. «Үкімет жалқау. Әкімдер оны мойындамайды. Жағдай бақылаудан шығып кетті» деген әңгімелер көп. Бұрынғы кеңесші Ертісбаев сұхбатында «Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сталин болыңыз» деп айғайлап тұр. Маған «бәрін жұмыстан босатыңыз, кетіріңіз» дейді. Бірақ айналып келгенде бәрің де осыған итермелеп тұрған жоқсыңдар ма!? Мен қазір жалғыз Алматы туралы ғана емес, бүкіл облыс әкімдері мен министрлер туралы айтып отырмын. Алматы бірақ ең үлкен қала. Ондағы жағдай бүкіл елдегі ахуалды көрсетеді», - деді ол.