Алматы халықаралық әуежайында 22 келі алтын тасымалдау контрабандасының жолы кесілді
АСТАНА. 4 қараша. ҚазАқпарат - Шекарашылар Қазақстан Республикасына контрабандалық жолмен құны 700 мың доллардан асатын жалпы салмағы 22 келіге жуық зергерлік бұйымдарды алып өтпек болған азаматты ұстады, деп хабарлады ҚР ҰҚК КҚ баспасөз қызметінен.
«Алматы» өткізу пунктінің кеден жасағы ТК-350 «Ыстамбұл-Алматы» жолаушылар рейсін тексеру кезінде кедендік бақылаудан өткеннен кейін 1984 жылы туған Қазақстан азаматы ұсталды.
Қол жүгін тексеру кезінде жалпы салмағы 22 келіге жуық зергерлік заттары бар контрабандалық жүк табылды.
Қазір процессуалдық әрекеттер жүргізілуде. Заң бұзушы ҚР ҚК 209-бабының 2-тармағы бойынша аса ірі көлемдегі экономикалық контрабанда үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Қазақстан Республикасы азаматын ұстау фактісі бойынша өзара әрекеттес органдар ақпараттандырылды.