Алматы хайуанаттар бағында еліктің лағы өмірге келді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы хайуанаттар бағын мекендейтін еліктер жұбында сүйкімді лақ өмірге келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Зообақтың мәліметінше, еліктің лағы 28 маусымда Кругляшок пен Райхан атты еліктер жұбында өмірге келген. «Бұл ерекше сүйкімді жануар кімді естеріңізге түсіреді? Әрине, балаларға арналған мультфильмнен баршаңызға белгілі еліктің лағы – Бэмбиды еске түсіреді. Ол 28 маусымда Кругляшок пен Райхан атты еліктер жұбында дүниеге келді. Біз оған Бәйшешек деп ат қойдық. Бүгінде ол кішкене өсіп, өзін жақсы сезінеді. Әзірге енесінің сүтін емеді, аздап шөптің, жемістер мен жарманың дәмін тата бастады», - деп хабарлады зообақ ұжымы.
Кішкентай Бәйшешекті зебралар вольерінің оң жағындағы үлкен қоршауда тұратын еліктер отбасында көруге болады. Қазір Бәйшешек ол жерді өзінің үлкен-кіші туыстарымен бірге мекендейді.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы хайуанаттар бағында Джамбо және Лотти есімді сусиырлардың отбасында кішкентай сусиыр өмірге келген болатын.