Алматы ХҚКО кибершабуыл туралы хабарды растамады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы халыққа қызмет көрсету орталығының өкілдері кибершабуыл туралы қауесетті жоққа шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін әлеуметтік желіде қолданушылар Бостандық және Әуезов ауданындағы ХҚКО базасы жұмыс істемей тұрғанын жариялаған болатын.
Алматы қалалық ХҚКО бас кеңсесінің баспасөз хатшысы Апетова Жаңылдың айтуынша, қазба жұмыстарының кесірінен сым темірлері үзілген.
«Әуезов және Бостандық аудандарында жүргізілген қазба жұмыстарының салдарынан жерасты сымдары үзілген. Соның салдарынан екі аудандағы электронды қызмет көрсету базасы істен шыққан. Таңертең 9:20-да байланыс үзілді. Ешқандай кибершабуыл болған жоқ», - деді Жаңыл Апетова.
Қазіргі таңда Бостандық аудандық ХҚКО 16:00-ден бастап штаттық режімде жұмыс істеп тұр.