Алматы ХҚКО мамандары келушілердің қалың легін қалай қабылдап жатқаны туралы айтып берді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Медеу ауданының ХҚКО қызметкерлері ҚазАқпарат тілшісіне уақытша тіркеу науқанының бір күні туралы айтып берді.
«Қазіргі таңда бізде барлық орталықтағыдай қым-қуыт жұмыс жүріп жатыр. Таңғы 8-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыстамыз. Түскі асқа ғана уақыт бөлінген. Уақытша тіркеу бойынша үй иелері өзінің тіркейтін адамдарын алып келеді. Барлығы электронды кезек арқылы. Кеше 653 адам тіркелді. Сондай-ақ, eGov порталында электронды тіркеу қызметі де қолжетімді. Бірақ онда уақытша емес, тұрақты тіркеу жасауға болады», - деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының филиалы, Медеу аудандық ХҚКО қызметкері Динара Байрамова.
Оның айтуынша, жұмыстың көптігіне байланысты клиенттер таңғы 8-ден келіп жатыр. Сондай-ақ, мекеме маңында жедел жәрдем каретасы мен ыстық тағам пункті жұмыс істеп тұр.
«Тұрғындардың тіркелген жері басқа, тұратын мекенжайы басқа болса да, оны да мәлім етіп, уақытша тіркелген абзал. Азаматтар 3 айдан 1 жылға дейін уақытша тіркеле алады», - деді ол.
Маманның айтуынша, келушілердің шамамен 40 пайызы үйін жалға берушілер болып отыр. Қалғаны өз туысқандарын тіркеп жатыр.
«Азаматтар өзіне жақын орналасқан ХҚКО-ға өтінім бере алады. Жылжымайтын мүлік басқа ауданда болса да қызметкерлер құжатты қабылдауы тиіс», - деді маман.