Алматы ХҚО-ларында тұрғындардың мәселелері шұғыл түрде шешімін табатын болады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Алматы қаласы бойынша филиалында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті мамандары және қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен қоғамдық қабылдау өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы ХҚО-ларында тұрғындардың мәселелері шұғыл түрде шешімін табатын болады

Шара қала тұрғындарының мемлекеттік қызметтерді алудағы түйткілді сұрақтарына жауап беру, құқық бұзушылықтарға төзбеу қағидатын қалыптастыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ұйымдастырылды.

«Біз алдағы уақытта әр аудандағы ХҚО бөлімдерінде қызмет алушылармен бетпе-бет кездесіп, мәселелерінің шұғыл шешілуіне ықпал етпекпіз. Шара тұрғындарға қаншалықты пайдалы болса, олардың сын-ескертпелері арқылы біз де қызмет ұсыну үдерістерін жетілдіре беретін боламыз», - деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Ермек Бекжүнісов.

Іс-шара барысында 50-ге жуық қызмет алушының сұрақтары тыңдалып, кейбір мәселелерді Департамент өз құзіретінің шегінде бақылауға алды. Сұрақтардың басым көпшілігі әлеуметтік саласына, жер және құжаттандыру мәселелеріне қатысты болды.

«Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде мемлекеттік қызметтер көрсету барысында халықтың көп кедергілерге тап болмай, сапалы қызмет алуына жағдай жасау. Шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз - мемлекеттік органдардың ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету. Қалыптасқан сындарлы диалогта нәтижеге қанағаттанған және мемлекеттік органдардың жұмысы туралы оң пікірлерін қалдырған азаматтардың бірқатар қажеттіліктері шешілді», - деді Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы қаласы департаментінің өкілі Мақсат Жаңбыршиев.

Шара санитарлық нормаларды, сонымен қатар әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып өткізілді. Мұндай қоғамдық қабылдаулар қаланың әрбір ауданындағы фронт-офистерде (ХҚО) апта сайын өтіп тұрады деді ұйымдастырушылар.